15 марта 2023 г.

«Біз 857 млн теңгенің бөлінуіне қол жеткіздік»: кандидат Жан Шынғыс атқарған жұмыстары мен болашақтағы жоспары жайлы 

«Біз 857 млн теңгенің бөлінуіне қол жеткіздік»: кандидат Жан Шынғыс атқарған жұмыстары мен болашақтағы жоспары жайлы 

Алматы облысы Мәслихатының депутаттығына кандидат Жан Шынғыс «Пятый регион» редакциясына атқарған жұмыстары, жоспары мен саяжай массивтерін дамыту үшін бюджеттен 800 миллионнан астам қаражаттың бөлінгендігі жайлы айтып өтті.

Ең әуелі Жанның өзі туралы айта кетейік. Жан Шынғыс – Алматы облысының тумасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

2018 жылдары өз мамандығымен құқық қорғаушы болып жұмыс істеп жүрген Жанға бір күні бір ер адам көмек сұрап телефон шалады. Бұл Жан үшін күтпеген жағдай болды. Ол адам банк қызметкерінің қателігінің кесірінен біраз қиындықтарға тап болған. Банк карточкасын бұғаттап, тіпті, жалақысын да ала алмай қалған екен. Ал, оның заңгердің қызметіне жүгінуге қаражаты болмаған. Сондықтан Жаннан көмек сұрауына тура келеді. Өзіне көмектескен Жанға ризашылығын білдірген азамат өзінің саяжайда тұратынын, саяжай массивтері мен ауылдық елдімекендердің жағдайының қиын екенін айтып, Жаннан тағы көмек сұрайды. 

Мәселенің тереңіне бойлаған Жан Шынғыс саяжай массивтері мен ауылдық елдімекендердегі бірқатар маңызды мәселелер туралы естіп-біледі. Өзінен көмек сұрап, әкімдердің жұмыс істемейтіндігі мен бірқатар түйіні шешілмеген мәселелерді алға тарта отырып, үш мыңнан астам адам арыз жазады. «Неге маған жазасыздар, бұл іспен айналысатын әкімдер бар емес пе?» деген Жанға саяжай халқы «Әкімдер бізді адам құрлы көрмейді», - деп көздеріне жас алып, әкімдердің жұмыс істемейтінін айтып шағымданады.

Біздің аймақтағы үйреншікті жағдайға сай әкімдер саяжай массивтерінің мәселелерін шешуге бел шеше кіріспей, әкімдер саяжай массивтерінің ішкі мәселелерін кооперативтер өз бетінше шешеді деген уәж айтады. Алайда ішкі мәселелерден басқа (жолдың жоқтығы, қоқыс мәселесі, сумен және электр энергиясымен жабдықтау) жергілікті атқарушы органның қатысы бар тағы да бірқатар мәселелер бар.

«Тіпті, әкімдер «Жомарт» саяжайында қанша адам тұратынын да білмейді. Халық санына қатысты біздің сұрағымызға «екі мыңдай адам бар шығар», - деп жауап берді. Жергілікті атқарушы билік-әкімдердің халық санын білмеуі олардың жұмыс істемейтінін көрсетеді. Біз өзіміз үйді-үйді аралап, зерттеу жүргізіп, онда 6 мыңнан астам халық тұратынын анықтадық. Жергілікті қаржы осы аумақта тұратын халықтың санына сәйкес бөлінеді», - дейді кандидат Жан Шыңғыс.

Бұдан өзге кандидаттың жұмыс істеген 4 жыл ішінде 10 мыңнан астам түрлі хаттар мен өтініштер келіп түскен, саяжай массивтерінің мәселелері жоғары жақта да көтерілген. Осы көрсетілген уақыт ішінде ҚР-ның Президент Әкімшілігіне, Бас Прокуратурасына, Ауылшаруашылық министрлігіне, тіпті, БҰҰ-ға дейін мыңдаған арыз-шағым, ұсыныстар жазған. Ақыр соңында, Энергетика министрлігі «Жомарт» саяжай массивін дамыту жұмыстарына бюджеттен 800 миллионнан астам қаражат бөлді.

«Қазіргі таңда менің қолымда Энергетика министрлігінің бөлінген қаражатының жобасы бар. «Жомарт» саяжайында жаңа электр желісі (ЖЭЖ) құрылысы мен трансформаторлық қосалқы станциялардың (ТҚС) жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖБҚ) әзірленді. Бүгінде 857 млн теңге бөлініп отыр, жұмыстар ағымдағы жылдың сәуір айында басталады», - деп Жан Шынғыс қуанышты жаңалығымен бөлісті.

Жан Шынғыс келесілерді ұсынады:

1. Саяжай массивтеріне ауыл мәртебесін беруді және дамыту жұмыстарына (жол, мектеп мәселелері, балабақша, ауруханалар, емханалар, электр/сумен жабдықтау желілері) бюджеттен қаражат бөлуді;

 2.   Электр энергиясының, су мен газ тарифтерін Алматы қаласындағы тарифке дейін төмендету. Дәлірек айтсақ, электр энергиясының төлемақысын 28-30 теңгеден 20 теңгеге дейін төмендетуді, сондай-ақ судың төлемақысын 250-300 теңгеден 50-100 теңгеге дейін төмендетуді;

3. Мемлекеттік қызмет пен әкімдіктердің жұмыстарын бақылауды;

4 . Облыстық бюджет есебінен көп балалы отбасыларға қолдау көрсету. Соның ішінде балалар жәрдемақысының көлемін арттыруды;

5. Жайылым мен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үшін жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беруді;

6. Үй жағдайында мал өсірумен айналысу мен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үшін ауыл тұрғындарына 5 жыл мерзімге пайызсыз несие бөлуді;

7. Барлық елдімекендер мен ауылдарды қоғамдық көлікпен қамтамасыз етуді.

Кандидат халық қолдауының арқасында мұның барлығын да жүзеге асыруға болады деп ойлайды.

«Осы төрт жарым жылдың ішінде біз біраз келелі істерді атқардық. Біз күшімізді біріктіре отырып, көп нәрсеге қол жеткіздік. Алдымызда әлі де атқарар істер өте көп, мен халықтың қолдауы мен бірлігіміздің арқасында облысымыз үшін болашақта көптеген іс атқаратынымызға нық сенімдімін. Мен қолымнан келмейтін істерді атқарамын деп бос сөзбен уәде бермеймін. Менің бар ойым – өз жерлестерімнің өмір сүру жағдайын жақсарту. Өйткені, мен, Жан Шынғыс халықпен біргемін! Мен Алматы облысында туып-өстім, сол себепті де мұнда қандай мәселенің бар екенін және ол мәселені қалай шешудің жолын білемін. Маған дауыс беріңіз, мен №4 сайлау округі бойынша Алматы облысы Мәслихатының депутаттығына кандидатыңызбын!».


Другие новости