Ол – елімізде тұңғыш ауыл әкімі болып сайланған азамат. Бұл сонау қиын-қыстау 90-шы жылдардың аяқ кезі еді. Яғни 1999 жылы Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында алғаш рет әкім сайлауы өтетін болды. Оған осы елді мекеннің тумасы Қайрат Байбақтинов бел шеше кірісіп, бақ сынап көрмекке тәуекел етті. Сайлауға кандидат ретінде жалпы жеті адам түскен.
Бүгінде Қайрат Жұмаділұлы сол сайлау күнін ерекше бір сезіммен еске алады.
– Үш айлық күшігім бар болатын. Таңертең тұрдым да, «Жеті қазынаның бірісің ғой» деп, соған нан бердім. Дастарханда құран оқыттым. Ол кезде әкем тірі еді. Сол кісі батасын берді. Сосын Алматыға тартып отырдым. Онда достарыммен кездестім. Содан кешкі сағат төрт-бестерде ауылға қайтып келсем, жұрт шулап жүр. «Қайрат, сен қайда жүрсің? Кандидаттардың қалған алтауы осында болды ғой» деп жатты олар, – дейді Қайрат аға.
Ол сол кезде жеті адамның ішінде 52,7 пайыз дауыс жинап, Шамалған ауылының әкімі болып сайланды. Осы қызметті алты жыл атқарған Қайрат Байбақтинов сол кездері халықтың жағдайын жақсарту үшін аянбай еңбек етті. Ол алғаш рет ауылға газ кіргізді. Жаппай жекешелендіру болып жатқан тұста ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан нысандарды биліктегілерге айтып жүріп, тіпті әлдебіреулермен айқасып жүріп мемлекет меншігіне, қарапайым жұрттың игілігіне қайтарып алды. Сол нысандардың бірі мәдениет үйі еді. 2004-2005 жылдары тағы жүгіріп жүріп 121 миллион теңге бөлдіріп, оны күрделі жөндеуден өткізді.
Жалпы, Қайрат Байбақтинов, қанша шенеунік болса да, кабинетте шіреніп отыратындардың қатарынан емес. Ол халықтың арасында жүріп, солардың мәселелерін шешумен болды. Ауыл орталығына әп-әдемі жол салдырды. Айтпақшы, тағы бір жұртқа керек нысанды сатылып кеткелі тұрған жерінен алып қалды. Ол су шаруашылығы колледжі еді. Бұл саланың мамандары мемлекетке әлі күнге дейін ауадай қажет. Қазір мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 356 бала білім алып отыр.
Қайрат Жұмаділұлы әкімдікті алты жыл адал атқарғаннан кейін де бірқатар мемлекеттік қызметтерде жүрді. Қарасай ауданы әкімінің орынбасары болды. Облыс деңгейінде мемлекеттік қызметтер атқарды. Ал одан кейін кәсіпкерлікке біржола ден қойды.
1961 жылы 20 ақпанда Шамалғанда дүниеге келген Қайрат Байбақтинов әлі күнге дейін осы жерде өсіп-өркендеп, адал жары Райхан Байбақтинова екеуі ұрпақ өргізіп отыр. Бүгінде берекелі әулеттің тірегіне айналған ол – ардақты әке, аяулы ата.
Ал ауыл тұрғындары әлі күнге дейін оның қамқорлығын көріп келеді. Мың сөзді бір сөзбен түйіндегенде, Қайрат ағаны Шамалғанның шамшырағы десек, артық айтқандық болмайды.